^ жоғары
 
Негiзгi бет А А А
Арнайы нұсқа
Қаз Рус Eng   
 
     
 

 
 
Сейсенбі, 17 қыркүйек 2019
 
     
 
Әлеуметтік сала / Экономика / Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі
Банктік қарыз шартын жасасу: не үшін назар аудару керек?

ҚР Ұлттық Банкіне жасалған банктік қарыз шарттарының қандай да бір талаптарымен келіспеумен байланысты азаматтардың өтініштері мен шағымдары жиі келіп түседі. Мұндай шағымдардың туындауының негізгі себебі көп жағдайда қарыз алушы банктік қарыз шартына оның талаптарын мұқият және тиісті түрде зерделемей, шарт бойынша міндеттемелерді орындамаудың ықтимал салдарларының маңыздылығын түсінбей қол қоюы болып табылады.

Банктік қарыз шартына және оған төлемдерді өтеу кестесіне қол қоя отырып, қарыз алушы өзінің шарттың барлық елеулі талаптарымен келісетінін куәландырады.

Заңнама талаптарына сәйкес банк шарттың жобасын және онымен танысу үшін уақытты тұтынушыға оның талабы бойынша ұсынуы тиіс. Осыған байланысты қарыз алушы банктік қарыз шартына қол қойғанға дейін шартты мұқият оқып, оның талаптарымен танысуы қажет.

ҚР Азаматтық Кодексінің 728 бабына сәйкес банктік қарыз шартының мынадай ерекшеліктері бар екеніне назар аударамыз:

- банктік қарыз шарты бойынша банк немесе уәкiлеттi мемлекеттік органның банктік қарыз операцияларына лицензиясы бар өзге де заңды тұлға қарыз берушi ретінде әрекет етеді;

- алдағы уақытта берiлуi мүмкiн ақша банктік қарыз шартының нысанасы болып табылады;

- банктік қарыз шарты жазбаша нысанда жасалуға тиіс. Жазбаша нысанды сақтамау банктік қарыз шартының маңызсыздығына алып келеді;

- егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, банктік қарыз шартында банктің шарт талаптарын біржақты өзгерту құқығын көздейтін талап қамтылмайды.

«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» ҚР Заңының (бұдан әрі – Банктер туралы Заң) 34-бабының 2-тармағына сәйкес банктік қарыз шартының міндетті талаптарының тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен айқындалады.

Міндетті талаптар Тізбесіне сәйкес банктік қарыз шарты мынадай міндетті талаптарды қамтуы тиіс:

1) шарттың жалпы талаптары;

2) қарыз алушының құқықтары;

3) банктің құқықтары;

4) банктің міндеттері;

5) банк үшін шектеулер;

6) міндеттемелерді бұзғаны үшін тараптардың жауапкершілігі;

7) шарт талаптарына өзгерістер енгізудің тәртібі;

8) синдикатталған банктік қарыз берілген кезде - синдикатқа қатысушы әр банктің, оның ішінде қарыз алушы төлемге қабілетсіз болған жағдайда синдикатқа әр қатысушы үшін ықтимал залалдарының үлесін бөле отырып қарызына қатысу сомасы немесе үлесі;

9) банк шарт бойынша құқықты (талап етуді) үшінші тұлғаға беру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен шарт шеңберінде кредитордың қарыз алушымен өзара қарым-қатынастарына қатысты қойылатын талаптар мен шектеулер қарыз алушының құқық (талап ету) берілген үшінші тұлғамен құқықтық қатынастарына қолданылатыны көзделетін талап.

«Шарттың жалпы талаптары» бөлімі мыналарды қамтуы тиіс:

1) шарт жасасқан күн;

2) банктік қарыздың мақсаты;

3) қарыз сомасы мен валютасы;

4) қарыздың мерзімі;

5) сыйақы мөлшерлемесінің түрі (белгіленген немесе өзгермелі), сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері (жылдық пайызбен не белгіленген сомада), және шынайы жылдық тиімді салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері (ЖТСМ).

Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 желтоқсандағы №377 «Сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің шекті мөлшерін бекіту туралы» Қаулысына сәйкес банктік қарыздар бойынша ЖТСМ мөлшері жылдық 56% - дан аспауы тиіс.

2019 жылғы 1 ақпаннан бастап банктер қарыз алушыларды төленетін сыйақы мөлшері туралы хабардар ету мақсатында сыйақы ставкасының мөлшерін жылдық пайызбен ғана емес, сондай-ақ белгіленген сомада, яғни нақты сома мөлшерінде де көрсетуге құқылы.

Бір айдан аспайтын мерзімге берілген қарыз бойынша, кредиттік желі шеңберінде төлем карточкасы бойынша берілген қарыз бойынша, овердрафт кредиті, сондай-ақ кредиттік желі беру (ашу) туралы келісім бойынша сыйақы мөлшерлемесінің мөлшерін белгіленген сомада көрсетуге жол беріледі;

6) шартта құбылмалы сыйақы ставкасы көзделген болса, құбылмалы сыйақы ставкасын есептеу тәртібі;

7) ислам банкінің коммерциялық кредитті беруі кезіндегі үстеме бағасының түрі (тіркелген немесе тауарды сатып алу бағасының пайыздық мәнімен);

8) өтеу тәсілі (қолма-қол ақшамен, қолма-қол ақшасыз);

9) қарызды өтеу әдісі: аннуитеттік, сараланған не банктің басқа әдісі;

10) қарыз бойынша берешекті өтеу кезектілігі.

2016 жылғы 1 шілдеден бастап жеке тұлғалармен жасалған қарыздар (ипотекалық қарыздарды қоспағанда) бойынша берешекті өтеудің ерекше кезектілігі іске қосылғанына назар аударамыз.

Осылайша 180 күнге дейін, қарыз бойынша осы сәтте бар берешекті өтеу үшін жеткіліксіз жеке тұлға енгізген сома былайша бөлінеді:

1 - мерзімі өткен негізгі борыш;

2 - қарыз бойынша мерзімі өткен сыйақы;

3 - тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл);

4 - төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін негізгі борыш сомасы;

5 - төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін есепке жазылған сыйақы;

6 - қарызды беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдер;

7 - берешекті өндіріп алу бойынша шығындар;

180 күн өткен соң - тұрақсыздық айыбы және шығындар соңғы кезекте өтеледі.

2019 жылғы 1 қаңтардан бастап кезектілік қарыз алушы ағымдағы және мерзімі өткен негізгі борышты, сыйақы мен тұрақсыздық айыбын өтеуге енгізген соманы бөлгеннен кейін қарыз беруге және қызмет көрсетуге байланысты комиссиялармен және өзге де төлемдермен толықтырылды. Төлемді бөлудің жаңа кезектілігі мерзімі өткен берешекті өтеу үшін қарыз алушылардың міндеттемені орындауына қосымша ынталандыру болып табылады.

Егер қарыз алушы жүргізген төлем сомасы жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз шарты бойынша қарыз алушының міндеттемесін орындау үшін жеткіліксіз болса, ол қарыз алушының берешегін мынадай кезектілікпен өтейді:

1 - сыйақы бойынша берешек;

2 - ипотекалық қарызды беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдер бойынша берешек;

3 - тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл);

4 - төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін есепке жазылған сыйақы;

5 - ипотекалық қарызды беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдер;

6 - банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның орындауды алу бойынша шығасылары;

7 - негізгі борыш бойынша берешек;

8 - төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін негізгі борыш сомасы.

11) негізгі борышы уақтылы өтелмеген және сыйақы төленбеген жағдайда тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) есептеу тәртібі және оның мөлшері.

Жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шарты бойынша қарыз сомасын қайтару немесе сыйақы төлеу жөніндегі міндеттемені бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбының мөлшері мерзімін өткізіп алудың 90 күні ішінде мерзімі өткен әрбір күн үшін мерзімі өткен төлем сомасының 0,5 пайызынан аспауға тиіс, мерзімін өткізіп алудың 90 күні өткеннен кейін мерзімі өткен әрбір күн үшін мерзімі өткен төлем сомасының 0,03 пайызынан аспауға, бірақ банктік қарыз шарты қолданылатын әрбір жылға берілген қарыз сомасының 10 пайызынан артық болмауға тиіс;

12) қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты алынуға тиісті комиссиялардың және басқа да төлемдердің толық тізбесі, сондай-ақ олардың мөлшерлері.

2016 жылғы 1 шілдеден бастап банктік қарыз шартын жасасқанға дейін банктер қарыз алушы – жеке тұлғаларға кредит берудің 2 шарттарын таңдау үшін ұсынуға міндетті: 1) комиссиялар алмай және 2) комиссиялар мен өзге де төлемдерді өндіріп алу шарттарымен.

Екінші нұсқаны таңдау кезінде комиссиялар және өзге де төлемдер Ұлттық Банк Басқармасының 2016 жылғы 30 мамырдағы № 134 қаулысымен бекітілген жеке тұлғаға берілген банктік қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдер Тізбесінен таңдап алынады.

2018 жылы қарыз алушы - жеке тұлғалардың шығыстарын оңтайландыру және қысқарту мақсатында Ұлттық Банк жеке тұлғаның ипотекалық қарыз шарттары бойынша ипотекалық қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты банктік шотты жүргізгені үшін, сондай-ақ қарызды банктік шотқа есепке алғаны үшін комиссиялар белгілеуге және алуға тыйым салғанын атап өту керек. 2019 жылы бұл тыйым жеке тұлғалармен жасалатын барлық банктік қарыз шарттарына қатысты. Бұл ретте осы ереже 2019 жылғы 4 наурыздан бастап жасалған банктік қарыз шарттарына ғана қолданылады;

13) қарызды өтеудің және сыйақының тәртібі (касса арқылы, банктік шотқа қашықтан терминал арқылы және басқалар тараптардың келісімі бойынша) кезеңділігі;

14) қамтамасыз ету (түрі: кепіл, тұрақсыздық айыбы, кепілдік, кепілдеме, ұстап қалу және өзге түрлері);

15) қарыз алушының шарт бойынша міндеттемелерін орындамаған не тиісінше тәсілмен орындамаған жағдайда банк қабылдайтын шаралар;

16) шарттың қолданылу мерзімі;

17) қарыз алушы - заңды тұлғаның банкке ұсынатын есебінің түрлері мен мерзімдері;

18) қарыз алушының (тең қарыз алушының) ол туралы мәліметтерді кредиттік бюроға беруге және кредиттік бюроның ол туралы банкке кредиттік есеп беруге келісімінің, сондай-ақ тараптардың өз міндеттемелерін орындауына байланысты ақпараттың болуын көрсету;

19) банктің пошталық мекен-жайы мен электрондық адресі туралы ақпарат, сондай-ақ оның ресми интернет-ресурсы туралы деректер.

Банктер туралы Заңға сәйкес банктік қарыз шартында міндетті көрсетілуге жататын талаптардан басқа:

- кез келген валютаның баламасына таңылып, теңгемен берілген банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені және төлемдерді индекстеуге жол берілмейді;

- жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық тұрғын үй қарызы шартының талаптарын өзгерту немесе ипотекалық тұрғын үй қарызы шартын өтеу

мақсатында жаңа қарыз беру кезінде мерзімі өткен сыйақыны, тұрақсыздық айыбын негізгі борыш сомасына капиталдандыруға (жинақтауға) жол берілмейді;

- егер қарыз беру туралы шарттарда сақтандыру және (немесе) қамтамасыз ету болып табылатын мүліктің нарықтық құнын айқындау мақсатында бағалау жүргізу шарттарын жасасу туралы талаптар көзделген болса, банктің қарыз алушыға, кепіл берушіге сақтандыру ұйымын және (немесе) бағалаушыны таңдауда шек қоюға құқығы жоқ. Бұл ретте қарыз алушыға банктік қарыз шартымен өз өмірін немесе денсаулығын сақтандыру міндеті жүктелмейді.

Шартқа тараптардың қолдары қойылған қарызды өтеу кестесі қоса беріледі, онда:

- шарттың нөмірі мен жасалған күні;

- қарыз сомасы мен валютасы;

- өтеу күндері және негізгі борышты, сыйақыны өтеу сомасы және олардың жиынтық мәні көрсетілген кезекті төлемдердің мөлшерлері;

- келесі өтеу күніндегі негізгі борыштың қалдықтары;

- төленуі тиіс негізгі борыш пен сыйақының жалпы жиынтық сомасы және олардың жиынтық мәні;

- қарызды өтеу кестесі жасалған күн көрсетіледі.

Сондай-ақ жеке тұлғамен жасалатын шартқа қарыз алушы үшін жадынама қоса берілуі тиіс. Онда қарыздың жалпы сомасы мен валютасы, қарыз мерзімі, қарыз бойынша төлемдер саны, жылдық пайыздық сыйақы ставкасының түрі мен мөлшері және ЖТСМ мөлшері, қарыз бойынша өтеуге жалпы сомасы, сыйақының жиынтық сомасы, тұрақсыздық айыбының мөлшері және т.б. сияқты қарыздың маңызды шарттары туралы қысқаша ақпарат болуы тиіс.

Қарызды өтеу кестесі және жадынама бір айдан аспайтын мерзімге берілген қарыздар, кредиттік желі шеңберінде төлем карточкасы бойынша берілген қарыздар, овердрафт кредиттері, сондай-ақ өзінің шеңберінде қарыз алу үшін шарт (шарттар) жасасу немесе қарыз алушының қарыз беру туралы өтініш (өтініштер) беруі қажет кредиттік желі беру (ашу) туралы келісім бойынша көзделмеген.

Қарыз алушыларды жеке банктердің шартта көрсетілген мерзімге дейін сыйақы есептелмей негізгі борышты өтеу бойынша жеңілдікті шарттармен қарыз беретініне ерекше назар аударуыңызды сұраймыз. Бұл ретте жеңілдікті өтеу мерзімі қарыздың соңғы мерзімінен ерекшеленеді.

Осыған байланысты, банктік қарыз шарттары заңнама талаптарына сәйкес келмейтін жағдайда немесе қаржы ұйымдарының қызмет көрсету мәселелері бойынша кеңес талап етілетін азаматтар Ұлттық Банкке не оның аумақтық филиалдарына жүгіне алады.

 
     
   
 
   
Қазпошта сервиздері
 
 
 
 
 
 
Осы сайта жарияланған барлық материалдардың құқығы Алматы қаласының Әкімідігіне тиесілі.
© 2005-2019 Осы сайта жарияланған барлық материалдардың құқығы Алматы қаласының Әкімідігіне тиесілі.
Алматы қаласы әкімі Баспасөз қызметінің телефоны : +7 (727) 271-65-56